Өскемендік тәртіп сақшылары суға ағып бара жатқан жігітті құтқарып қалды

Өскемендік тәртіп сақшылары суға ағып бара жатқан жігітті құтқарып қалды, деп хабарлады Polisia.kz.

Қаңтар айының 11-і күні түнгі сағат 23:40-та Өскемен қаласы Полиция басқармасының «102» арнасына белгісіз ер адамның Понтон көпірінен секірмек болып тұрғандығы туралы қоңырау түскен.

Шақырту түскен бойда оқиға орнына құрамында Меирхан Ракишев пен Бауыржан Ризабеков бар «Қыран-19» экипажы барған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көпірдің қоршауынан бір қолымен ұстап, өзенге секіргелі тұрған ер адамды көреді. Тәртіп сақшылары оның қолынан ұстап қалуға тырысады, алайда сол кезде жігіт көпірден өзенге құлайды.

Полиция қызметкерлері судың ағыны жігітті төмен қарай алып кеткендіктен, оны қараңғыда табуға тырысып, жағалау бойымен жүгіре бастайды. Жағалау бойымен шамамен 900 метр жүгірген полиция қызметкерлері «көмектесіңдер, мен тоңдым» деген жігіттің дауысын естіп, ойланбастан суға кіріп, құтқару арқанына байланған шеңберді лақтырады.

Шеңберді ұстап үлгерген жігітті полиция қызметкерлері судан жағалауға шығарып алып, оқиға орнына шақырылған жедел жәрдем қызметкерлеріне табыстады.

Мән-жайды анықтау барысында 26 жастағы ер адамның мас күйде болғаны және өз әрекеттерінің себебін түсіндіре алмағаны белгілі болды.