Аязда 28 сағат көлік ішінде қалып қойған жолаушы құтқарылды

Қостанай облысының тұрғыны үскірік аязда 28 сағат бойы көлік ішінде отырып, өлім аузынан қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Федор Попов 23 ақпан күні Ақтөбеден Қостанайға жолға шыққан. Бірақ Денисов кентінен 25 шақырым қашықтықта көлігі сөніп, далада қалды. Құтқарушыларға хабарласқанымен қатты бораннан олардың жедел жетуі мүмкін болмапты. Тек 25 ақпан күні оны іздеп тауып, Денисов аудандық ауруханасына жеткізді. Жолда қалған азаматтың аяқ қолын қатты үсік шалыпты. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Науқас жақын арада облыс орталығына жеткізіледі.

Сергей Николаев, Денисов аудандық ауруханасының хирургі:

– Аяқ-қол саусақтары қатты үсіп қалған. Қажетті терапия толық жасалды. Зақымданған терісі біртіндеп қалпына келіп жатыр. Денсаулығы қанағаттанарлық дәрежеде.