Оралда Тараз тұрғынынан 21 келі есірткі тәркіленді

Оралда күдіктіден 21 келі гашиш пен марихуана тәркіленді. Ірі көлемдегі есірткі затын ол Шымкенттен алып келген.

Полиция берген мәлімет бойынша Тараз қаласының тұрғыны есірткіні Орал жаққа тұрақты түрде жеткізіп тұруды жоспарлапты.

Күдікті Шымкент-Орал бағытындағы автобуста ұсталды. Тінту барысында оның жол сөмкесінен ұнтақ түріндегі арнайы иісі бар өсімдік тектес оралған заттар табылды. Сараптау нәтижесінде оның кептірілген марихуана мен гашиш екені анықталды. Күдікті кінәсін мойындап отыр. Қазір оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Егер кінәсі дәлелденсе 7 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.