Көкшетаудағы саяжайларда 16 үй өртеніп кетті

Көкшетауда саяжайлардағы 16 үй отқа оранды, деп хабарлайды Ақмола облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, мамырдың 8-інде сағат 12:44-де «101» пультіне «Целинник» және «Авиатор» саяжай кооперативтерінің учаскелерінде құрғақ шөптің жанып жатқандығы туралы ақпарат түсті. Анықталғандай, өрт аумағы 5 гектарды құрады. Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД жеке құрамынан 73 адам және 8 арнайы өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. Сондай-ақ Көкшетау техникалық иститутынан 25 курсант және 2 техника, жергілікті атқарушы органдардан 4 қызметкер және 4 техника қосымша тартылды.

«Өрттің салдарынан 16 саяжай отқа оранды. Оның алтауы «Целинник», оны «Авиатор» саяжай кооперативтеріне тиесілі. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт қоқыс пен құрғақ шөпті жағу кезінде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан шыққан», - деді Көкшетау қалалық Төтенше жағдай басқармасының бастығы Әсет Жақсылықов.