Грузияда қаза тапқан Ә.Айтпаеваның анасы Тбилисиге барды

Грузияда қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Әсел Айтпаеваның анасы Тбилисиге барды.

Қайғы мұңға батқан ана марқұмның денесін растап, тергеушілер мен БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, қызының денесінде күшпен зорлық көрсетілгенін дәлелдейтін іздер бар. Анасы Әселдің өз еркімен көпқабатты үйден секіруі мүмкін емес деп отыр. Тергеу барысында Грузия азаматы ұсталды. Оған «қызды зорлады және өзін-өзі өлтіруге жеткізді» деген айып тағылып отыр. Сонымен қатар бұл іске Әселдің туысы – қазақстандық Мұрат Мейірбековтің де қатысы бар болуы мүмкін. Алайда оның Грузия елінен кетіп қалғаны белгілі.

Айсұлу Айтпаева, марқұмның анасы:

- Оқиға осы елде болғандықтан, барлық процесс осында өтеді. Алайда Мұраттың өзі Қазақстанда жүр. Оның бұл іске қатысы болғандықтан Мұратты Грузияға депортациялау керек деп ойлаймын. Бұл үшін Қазақстан тарапынан көмек болса деймін. Жазаны соттың өзі шешсін. Мұратты көргім келмейді. Зорлық-зомбылық мәселесін көтеру керек. Кінәлілер жазасын тартуы тиіс. Олардың бостандықта жүргенін қаламаймын.

Естеріңізге салайық, Әсел Айтпаева Грузияға жұмыс істеу үшін барған. Мамырдың 5-і күні оның жансыз денесі көп қабатты тұрғын үйдің терезесінің түбінен табылды. Марқұм 8-қабаттан құлаған. Әселдің анасы қоғамдық резонанс тудырып, бұдан былай мұндай оқиғалардың орын алмауын қалайды.