СҚО тұрғыны танысының үйін өртеп жіберді

СҚО полицейлері өртеу фактісін тергеуде, деп хабарлады Polisia.kz.

10 мамырға қараған түні М.Жұмабаев ауданында Қарақоға ауылындағы тұрғын үйлердің бірін өрт жалмады. Өрттен ешкім зардап шеккен жоқ: жалғызбасты 52 жастағы әйел танысының үйіне түнеген. Ол полицейлерге жуырда жанжалдасып қалған өзінің жақын таныс адамы қоқан-лоқы көрсетпек болғанын хабарлаған. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері нақты өрттің себебі қасақана өртеу екендігін анықтады. Жедел-іздестіру шаралары барысында бұрын ұрлық жасағаны және ауыр дене жарақаттарын келтіргені үшін сотталған 42 жастағы жергілікті тұрғынның қатысы барын расталды.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы (Бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

«Ұстау кезінде күдікті алкогольдік масаң күйде болған, ішімдікті асыра пайдалану көбіне адамдарды заң бұзуға итермелейді. Күдіктінің айтуынша, аулада тұрған дивандағы жамылғыны өртеу үшін оттықты пайдаланған. Аталған факті бойынша барлық қажетті сараптама тағайындалды, болған оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Қайрат Бимендин.