Ақтөбе облысы: пойызды көбелек құрты тоқтатты  

Пойызды шалғынды көбелек құрты тоқтатты.

Оқиға Ақтөбе облысында орын алған. Әлеуметтік желіде таралған бейнебаянда жүк тасымалдаушы көлік машинисі жәндіктердің көптігінен жүру мүмкін емес дейді. Яғни рельстің бетінде жорғалаған құрттан тепловоз дөңгелегі тайып, орнынан қозғала алмай тұр. Дерек темір жолдың Көктау-Кемпірсай станциялары арасында тіркелген. Пойыз жеке кәсіпорынға тиесілі. Жәндіктердің жаппай шығуы жолаушылар тасымалына кедергі келтірген жоқ. Дегенмен соңғы бір апта ішінде өңірде шалғынды көбелек құрты қаптаған. Зиянкестер жасыл-желекті жалмап, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін жоюда.

ШЫМКЕНТТІК ТҰРҒЫН ЗАҢСЫЗ ҚАРУ САҚТАҒАН    

Көлігіне шолақ мылтық жасырған тұрғын анықталды. Заңбұзушыны «Қару» жедел алдын алу шарасы барысында Шымкенттік тәртіп сақшылары тоқтатқан. Рейдтік іс-шара кезінде полицейлер Ауди маркалы автокөлігін тексерген. Ішінен тіркелмеген қысқа ұңғылы шолақ мылтық табылды. Аталған автокөлік иесі Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізілуде.

ТАРАЗДА 25 САЛТАНАТТЫ ШАРА ТОҚТАТЫЛДЫ      

Еліміздің оңтүстік өңірлері «қызыл аймаққа» қарамастан той тойлауын тоқтатар емес. Тараз қаласында бір күн ішінде жедел топ өкілдері 25 салтанатты шараны тоқтатқан. Барлық той жиын облыс орталығындағы мейрамханаларда ұйымдастырылған. Жамбыл облысы дерттің таралу қарқыны бойынша «қызыл аймақ» санатында. Күнделікті өңірде 200 ден астам адам короновирус дертіне шалдығуда.

КАРАНТИНДЕ ТОЙ ТОЙЛАП... 

Шымкент қаласының Абай аудандық полиция басқармасының инспекторлары мейрамханалардың бірінде өтіп жатқан салтанатты шараның үстінен түскен. Шектеулерге қарамастан тойға 180-ге жуық қонақ жиналыпты. Қазір карантиндік талаптарды өрескел бұзған азаматтарға қатысты құжаттар жиналып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандарына жолданды.

ШЫМКЕНТТЕ ТЖД ГАЗ ЖАРЫЛЫСЫНЫҢ АЛДЫН АЛДЫ  

Шымкент қаласындағы жеке баспаналардың бірінде өрт шықты. Жалын бір аулада орналасқан монша мен қораны шарпыған. Ескі тұрмыстық бұйымдар да өртенген. Оқиға орнына жеткен төтенше жағдай департаменті мамандары 50 литрлік газ баллонын қауіпсіз жерге алып шығып, жарылыстың алдын алды. От 30 шаршы метрге жеткен. Әзірге төтенше жағдайдың қалай басталғандығы белгісіз. Абырой болғанда зардап шеккендер мен қаза болған жан жоқ.