Ақмола облысында өрттен екі адам ажал құшты

Ақмола облысында өрттен 2 адам қаза тапты. Қайғылы оқиға өткен түнде Бурабай ауданының Қарашілік ауылындағы жеке үйлердің бірінде болған.

Тілсіз жаудан баспананың 60 шаршы метр аумағын жалын шарпыған. Құтқарушылар өртті сөндіру барысында  52 жастағы ер адам мен 40 жастағы әйел адамның мәйітін тауыпты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қаза тапқандар бұл үйге 2 ай бұрын көшіп келіп, жергілікті құс фабрикасына жұмысқа тұрған екен. Ал, апаттың неден туындағы әзірге нақты белгісіз.

Манарбек Шапағатов, облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

– Алдын ала болжам бойынша өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамағаннан шыққан болуы мүмкін. Яғни шылым шегу барысында тұтануы ықтимал. Бірақ басқа да нұсқалар бар. Ол электр сымдарының тұйықталуы немесе өзге де себептер. Оны анықтау үшін оқиға орнында өрт зертханасы жұмыс істеп жатыр. Ал қаза тапқандардың мәйіті сот-медициналық сараптамасына жіберілді.