Оралда жас жігіттің мәйіті табылды

Көкшетауда жастар төбелесті. Ал Оралдың қақ ортасынан 28 жастағы жігіттің денесі табылды. Павлодар облысында мал ұрлағандар қолға түскен. Ел бойынша өтіп жатқан «Допинг» жедел алдын-алу шарасы кезінде Жамбыл облысының полициясы  500 келіге жуық, есірткі тәркіледі. 

Оралда 1992 жылы туған азаматтың мүрдесі табылды. Жас жігіттің мәйіті қала орталығындағы түнгі клубтың жанынан анықталды. Кейін белгілі болғандай марқұм ауыр жарақаттан қайтыс болған. Суыт хабар түскен бойда қылмыстың ізін суытпай ашу үшін полиция қызметкерлері

жедел әрекет ете отырып оқиғаға қатысы бар адамдардан түгел түсініктеме алды. Нәтижесінде көп ұзамай аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 1998 жылы туған қала тұрғыны ұсталды. Ол қылмыс орнында болғанын растады. Қазір кісі өлімі бойынша қылмыстық іс-қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

МАЛ ҰРЛЫҒЫМЕН АЙНАЛЫСҚАН ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҰСТАЛДЫ

Павлодар облысында мал ұрлап келген қылмыстық топ ұсталды. 10 адамнан құралған топқа ветеринарлар да көмектесіп отырған. Күдіктілер аптасына бір рет Екібастұз маңындағы ірі шаруа қожалықтарынан 2 бас ірі қараны ұрлап, сенбі-жексенбі күндері қала базарларында және үйде саудалап келген. Анықталғандай, олар бұрын ет сатумен айналысқан. Тұрақты тұтынушылары да болған. Сондықтан етті өткізу кезінде еш күдік тумаған. Бірақ көп ұзамай заңсыз әрекеті әшкере болды. Жіті бақылау кезінде полиция қызмектрелері «ВАЗ 21099» автокөлігінің жүк салғышынан сиыр етінің бір ұшасы және электрондық таразы тапқан. Ал «Ауди» автокөлігінен ветеринариялық анықтамаларды тәркіледі. Аталған факт бойынша Қылмыстық Кодекстің ұйымдасып мал ұрлау бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ҮШ ТӘУЛІКТЕ 445 КЕЛІ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ

Елде «Допинг» жедел алдын-алу шарасы басталғалы Жамбыл облысының полиция қызметкерлері 400 келі есірткі тәркіледі. Күдіктілер сатумен және тасымалдаумен айналысқан. Сондай-ақ бау-бақшасында қара сора өсіріп, оны сақтаған азаматтар да анықталды. Тіпті медициналық бағытта қолданатын дәрілерді нашақорларға сату факті бойынша 10 дерек анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Жедел іс шара кезінде полиция қызметкерлері 62 дәріхана, 2 қойма және 2 емдеу мекемесін тексерді.

ЖАППАЙ ТӨБЕЛЕСКЕН ЖАСТАР ҰСТАЛДЫ

Көкшетауда жаппай төбелескен жастар ұсталды. Қаладағы ойын-сауық орталықтарының бірінің маңында 19 бен 23 жас аралығындағы жігіттер өзара жаға жыртысқан. Бастапқыда еш қарусыз ұйма-жұйма жұдырықтасса, соңынара бір-біріне суық қару алып жүгірген. Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция экипажы мен жедел-тергеу тобы бұзақыларды бірден ұстады. Жедел тергеу кезінде жас жігіттің бірі мас күйде екінші бір топқа барып, жанжал шығарғаны анықталды. Қазір Қылмыстық Кодекстің бұзақылық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

АВТОКӨЛІК ЖАРДАН ҚҰЛАП, ЖҮРГІЗУШІ МЕРТ БОЛДЫ

Маңғыстауда автокөлік жыраға құлап, жүргізушісі көз жұмды. Түпқараған аудандық полиция бөліміне әйел адам хабарласып, күйеуінің жоғалып кеткенін жеткізген. Оның айтуынша, жұбайы үйден күндіз Opel Vectra көлігімен жолға шыққан. Телефонмен жиі хабарласып отырған. Алайда арада біраз уақыт өткенде байланыс жоғалған. Бұл хабарды алған полиция қызметкерлері түні бойы аудан аумағында іздеу жұмыстарын жүргізді. Алайда келесі күні таңертең учаскелік полиция инспекторлары жоғалған азаматтың көлігін Қызылөзен ауылының маңынан тапқан. Тексере келе оның жарға құлап кеткені анықталды. Иесі сол жерде тіл тартпай кеткен.

Сондай-ақ...