Түркістан облысында пошта қызметкері 35 млн теңге жымқырған

Түркістан облысында пошта қызметкері екі сыбайласымен өзі жұмыс істейтін мекемеден 35 млн теңге жымқырған, деп хабарлайды «Хабар 24» Түркістан облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Сарыағаш аудандық полиция бөліміне аудандағы пошталардың бірінен мекемеге тиесілі 35 миллион теңгеге жуық ақшаны белгісіз адамдардың қолды еткені туралы арыз түскен.

Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 190 бабы «Алаяқтық» бойынша істі тіркеп, тергеу жұмыстарын бастады. Тәртіп сақшылары бейнекамералардың жазбаларын мұқият тексеріп, айғақты заттарды іздеу кезінде күдікті ретінде пошта қызметкері анықталды. Ұсталған жігіт Сарыағаш ауданының тұрғыны. Тергеп-тексеру барысында күдіктіге қылмысты жүзеге асыру үшін көмектескен 2 сыбайласы да мәлім болды. Олардың бірі жергілікті тұрғын болса, екіншісі - Семей қаласының тұрғыны.

Белгілі болғандай, пошта қызметкері қасындағы екі сыбайласымен алдын ала келісіп, мекеменің қорына жиналған 35 000 000 теңгені шотына аударып жіберу арқылы жымқырған. Күдіктілер ұрлаған қомақты қаржыны өзара бөлісіп алған. Қазіргі таңда үшеуі де қамауға алынды. Оларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.