Алматыда бөтелкелестерін өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Алматыда бөтелкелестерін өлтірген ер адам 17 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қалалық ПД Тергеу басқармасында хабарлағандай, осы жылдың жазында аса ауыр қылмыс орын алды. Ішімдік ішу кезінде ер адамдардың арасында жанжал туындап, 43 жастағы Е.есімді азамат К. және Б.есімді бөтелкелестеріне пышақ жарақатын салған.

– Өкінішке қарай, жараланғандардың екеуі де есін жимастан ауруханада көз жұмды. Күдікті ізін суытпай қамауға алынды. Тергеу оның әрекетін ҚР ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігімен саралады. Е. есімді азамат сол күні-ақ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс материалдарынан белгілі болғандай, отырыс жеке үйдің ауласында өткен. Сол жерде ер адамдар уақыт өткізген. Бір кезде екеуі дауласа бастады. Е.есімді азамат пышақты алып, алдымен К.есімді азаматты, сосын оларды ажыратпақ болған Б.есімді азаматты ұрды, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.

Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен 43 жастағы Е.есімді ер адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 17 жылға бас бостандығынан айырылды.