БҚО-да ақтүтек боран салдарынан электр желілері мен гидронысан істен шықты

Аймақта 40-қа жуық елді мекен жарықсыз қалды. Ал Орал қаласының кейбір ықшам ауданында су жоқ, деп хабарлайды Хабар 24.

Өңірде ауа температурасы -5 градус. Ал желдің жылдамдығы сағатына 12 метр. Қолайсыз күн райы коммуналдық желілерге зақым келтіріп жатыр. Қазірдің өзінде Ақжайық, Бәйтерек, Тасқала, Бөрлі, Жәнібек, Жаңақала аудандары және Орал қаласының тең жартысы жарықсыз отыр.

«Апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Электр желілеріне жауапты компания тарапынан 32 адам мен 15 арнайы техника жұмылдырылды» деп жауап берді БҚО ТЖД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар облыс орталығының кейбір шағын аудандарында ауыз су тоқтап қалды.

«Қолайсыз ауа райы салдарынан жерасты сутартқысының сорғы станцияларындағы кернеудің төмендеуіне байланысты сорғылар бұзылды. Қалалық су құбыры желілеріндегі қысым төмендеді. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілуде» делінген шаһарды сумен қамту кәсіпорнының хабарламасында.