Таразда көктайғақ салдарынан бір түнде 15 жол көлік оқиғасы тіркелді

Таразда көктайғақ салдарынан бір түнде 15 жол көлік оқиғасы тіркелді. Мұзға тайып мертіккендер де көп. 6 адам ауыр жағдайда ауруханаға түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал коммуналдық кәсіпорындар кешелі бері жол ашып жатыр.

Кеше кеште басталған қар аралас жаңбыр тараздықтарды әбден әбігерге салды. Көктайғақ салдарынан құлап, жарақат алған адамдар саны күрт өсті. Қалалық аурухананың жарақат бөлімшесіне 180 адам көрінген. Оның 41 - бала.

Үрзада Көшерова, қала тұрғыны:

- Азанда балаларымды, немерелерімді мектепке апара жатқанмын ғой. Сол кезде құладым. Астында қалды қолым. Соменен үйге бардым. Келінімді шақырдым жұмыстан. Сынып кеткен деді. Гипстеп берді.

Жолдас Қадырешов, қала тұрғыны:

Жедел жәрдем шақырып едім. Жедел жәрдем бос емес деді. 15-20 минуттан кейін барады деді. Содан кейін шыдай алмай балама звандадым. Келсем мына жерде адам көп екен.

Көктайғақта жығылып, жарақат пунктіне келіп жатқандар көп. Дәрігерлер түске дейін 100-ден аса тұрғынның медициналық көмекке жүгінгенін айтады. Дегенмен әлі де келіп жатқандар бар. Мәселен мына кісілердің барлығы кезек күткендер қатарында.

Мұзға тайып жарақаттанғандар арасында ауыр жағдайда түскендер бар. Бүгінде 6 тұрғын аурухана төсегіне таңылды. Ем іздегендердің басым бөлігі сүйек сынығымен рентген кабинеттерінде кезекте тұр.

Нұржан Әбдірайымов, травматолог:

- Ауыр науқастар да бар. Аяқ, жамбас сүйектері, қолдары сынған. 6 адамдай жарақат бөліміне госпитализацияда жатыр. Әріптестерімізге өте көп салмақ болып түсіп жатыр. 2-3 дәрігер болып істеп жатырмыз.

Көк мұзға айналған көшелер көлік ағынына да кері әсерін тигізді. Қала ішінде қатынайтын жолаушылар автобусы жолдан шығып кетті. Бір тәулікте 15 жол көлік оқиғасы болды.

Гүлсара Мұқтарқұлова, Жамбыл облыстық ПБ баспасөз хатшысы:

- Жол көлік оқиғасының себептерін анықтау мақсатында, сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда барлық бағыт бойынша жолдар ашық.

Коммуналдық кәсіпорындар түннен бері қала ішілік жолдарды тазалап әлек. Бұл жұмыстарға 16 арнайы техника мен 185 жұмысшы жұмылдырылған. Әкімдіктің мәліметінше, тұз аралас құмды тек орталық көшелерге емес шет аумақтарға да сеуіп жатыр.

Сондай-ақ...