Жетісу облысында браконьерлер ұсталды
Жетісу облысының Қаратал ауданында қарақұйрықты атқан 3 адам ұсталды.
Олар «Охотзоопром» мен Қаратал аудандық полициясының бірлескен рейді кезінде қолға түскен. Тексеру кезінде «Нива» автокөлігінің жүксалғышынан 2 аңшы мылтығы мен атылған 3 қарақұйрық табылды. Тергеу барысында қызыл кітапқа енген жануарларды жайратып салғандардың Алматы облысына қарасты Бақанас ауылының тұрғындары екені анықталды. Қазір осы оқиға бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 339 бабымен іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Бұл браконьерлік әрекеттен мемлекетке 18 млн 630 мың теңге шығын келген.