Көкшетауда жылу жүйесі жарылып, 3 адам қайтыс болды
Көкшетау қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде жылу жүйесі жарылып, 3 әйел адам көз жұмды. Қайғылы оқиға 2 қаңтар күні Василковка шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде орын алған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қайтыс болған нәзік жандының бірі – зейнет жасындағы үй иесі. Ал қос құрбысының біреуі 50, екіншісі 56 жаста. Жылу жүйесінен аққан ыстық су дәлізге жайылып, тіпті далаға дейін шығыпты. Мұны байқаған көршілері бірден дабыл қағады. Бірақ тиісті сала мамандарына дер кезінде хабарласқанымен, мардымды жауап ала алмағанын айтады.
Айта кетейік, 80-ші жылдары салынған үйдің бүгінде әбден тозығы жеткен. Жылу қондырғылары мен электр сымдары әрең жұмыс істеп тұр. Жергілікті тұрғындар алдағы уақытта да осындай жағдайлар орын ала ма деп үрейленеді. Ал қазіргі таңда қайғылы оқиғаның негізгі себебі анықталып жатыр. Нақты сараптама бір айдың төңірегінде дайындалмақ.
Жәнібек Көкешев, қала тұрғыны:
- Ертең тағы осындай жағдай қайталанса, не болатынын білмейміз. Біз үнемі жұмыстамыз. Қорқып қалдық. Балалардың қасында кім отырады? Не боларын байқамайсың ғой. Осыған бір жауап болса дейміз.
Гүлнәр Пинчук, облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Аталған іс сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне енгізілді. Алғашқы медициналық қорытындыға сәйкес әйелдердің өліміне күйіктен болған шок себеп болып отыр. Медициналық сараптама тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.