Түркияда қара жер қайта қозғалды. LIVE
Түркияның шығысында бүгін тағы жер сілкінді. Әсіресе Малатья провициясы көп зиян шеккен. Бірнеше ғимарат құлап, 1 адам опат болды. 20-дан астамы жарақат алған. Зілзаланың магнитудасы 5,6 баллды көрсетті. Жалпы, мұнда 20 күннен бері қайта-қайта жер қозғалып, 10 мыңнан аса дүмпу тіркелген.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Боғазычы Унивреситеті Кандилли обсерваториясы және зілзала зерттеу институтының директоры, профессор доктор Халук Өзенердің айтуынша, бұл жер дүмпулері апталап, айлап, тіпті бір жылға дейін жалғасуы мүмкін. Сөзінше, 2017 жылы Бодрум Кос арасында болған жер сілкінісінен кейін 9009 жер дүмпуі тіркелген. Мұндағы афтершоктар бұл санға жетуі, тіпті артуы мүмкін. Тұрғындардың сабыр сақтап, зақым тиген ғимараттарға кірмеулері және қауіпсіз аймақта күтулерінен басқа шара жоқ деп айтып отыр.
Ал Малатья провинциясы, Эшилюрт ауданында 5,6 балдық жер сілкінісіне тоқталсам, Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Юнус Сезердің айтуынша, жергілікті уақытпен сағат 12:04 шамасында болған зілзаладан 29 ғимарат құлаған. Салдарынан 1 кісі қаза тауып, 69 адам жарақат алған. Тап қазір тұрғын үй үйінділерінде іздестіру- құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Тағы Қахраманмараштағы бұған дейінгі зілзаладан зардап көрген фабрикада да бір кісі қаза тапты. 4 кісі жарақат алды. Қаза тапқан және жарақат алғандардың дені – кіруге тыйым салынған ғимараттарға заттарын алу үшін кіргендер. Эшилюрт муниципалитеті басшысы Мехмет Чынардың сөзінше, табиғи апаттан кейін ауылға көш еткен отбасы, қаладағы үйлеріне қажетті заттарын алуға кіргенге зілзалаға тап болып, әке мен қыз қиранды астында қалып қойған. Соңғы мәлімет бойынша, әке мен қыз төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан құтқарылды.
Орхан Татар, Апат және төтенше жағдайлар басқармасының директоры:
- Соңғы 20 күнде 5-6 балдық 45 жер дүмпуі тіркелді. Бүгінгі жер сілкінісі де –солардың жалғасы. 10 282 афтершок болды. Шамамен 6 айда болатын жер сілкіністерін 3 аптада өткердік. Апаттан кейін ауылдық жерлерде тау тастардың құлау қаупі күшейуі мүмкін.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- Жалпы, елде 6 ақпанда болған 7,8- 7,6 балдық жер сілкінісінен кейін көп тұрғын үйлер мен ғимараттар жарамсыз болып қалған. Қоршаған орта, урбанизация және климаттың өзгеруі министрлігінің мәлімдеуінше, 11 провинцияда 1 млн 430 мыңнан астам тұрғын үйге сараптама жасалған. Бұл 4 млн 874 мың 588 пәтер деген сөз. Оның 144 595 тұрғын үйдің шұғыл түрде қиратылуы үшін шешім қабылданған. Соның 500-ге жақыны осы Малатья провинциясында болған. Апат және төтенше жағдайлар басқармасы әрбір 3 минутта бір жер дүмпуін тіркеп жатыр. Азаматтардың ғимараттарға кірмеулерін ескертіп отыр.
Айта кеткен жөн, бүгінгі болған зілзаланың ошағы Малатья – апаттық өңір деп жарияланған 11 провинцияның бірі.