Қарағанды облысында бірнеше ауыл жарықсыз қалды
Қарағанды облысының Қарқаралы мен Бұқар жырау аудандарына қарасты бірнеше ауыл жарықсыз қалды.
Ауыр жүк көлігі жоғары кернеулі электр желісінің астынан өткен кезде сымды үзіп кеткен. Бұл екі бірдей ауданға тоқ жеткізіп тұрған ұзындығы 250 шақырым болатын желі. Сондықтан жөндеу оңайға соқпайды -дейді мамандар. Жалпы алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбас үшін, бір бағанға тартылған қос желіні бөліп, жеке тарту жоспарланып отыр. Қаржысы бөлінген, жұмыс биыл басталады.
Гүлбарам Әділғожина, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Бұқар жырау ауданының тұтынушылары толығымен жарыққа қосылды. Қазір Қарқаралы ауданы бойынша бригадалар тарапынан жұмыстар жүргізілуде. «Қарағанды жарық» кәсіпорыны кешке дейін бір желіні жөндеп, тұтынушыларды тоққа қосуды жоспарлап отыр. Ертеңгі күні екінші желіні қалпына келтіру жалғасатын болады.