Барышевка ауылында 3 үй өртенді. LIVE
Абай облысында алапат өрттен елді мекендерге төнген қауіп сейіліп, бірнеше ауылдың тұрғындары үйлеріне орала бастады.
Бұл туралы жедел штаб өкілдері мәлімдеді. Өрт сөндірушілер қайтадан от тұтанбауы үшін бықсыған шоқтарды толық сөндіруге кірісті.
Айта кетейік, 60 мың гектар аумақ өртеніп кетті.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өршіген алапат жалын Семей Орманы резерватында 60 мың гектар аумақты шарпыды. Бұл – резерват тарихындағы ең ірі өрт. 4-ші тәулікке кетіп барады, құтқарушылар арпалысып жатыр. 1000-ға жуық жеке құрам, 200-ге жуық техника, сонымен қатар 8 тікұшақ жұмылдырылған.
Өрт ошағы осы біз тұрған Бородулиха ауылынан 10 шақырмдай жерде. Сол жақтағы ауыл-аймақ аман дедік. Өрт жағдайы тұрақталып қалды. Бірақ, әрине, 3 үй өртенген дерек бар. Олар Барышевка ауылында. Үй иесіне оңай тиген жоқ. Әйтуір басы аман қалғанына қуанып жүр. Қызыл жалынның жылдамдығы сонша, тіпті ойлануға мұрша бермей, жолындағысын жайпап жіберді, - дейді. Құжаттарын ғана алып үлгерген. Ал ауласындағы көліктер отқа оранып, қаңқасы ғана қалыпты. Бір қора тауығы да жалын ортасында қалып қойған.Әйтеуір жылдамдатып, ірі малды құтқарып қалғанға ұқсайды.
Ерік Мауытқазин, Барышевка ауылының тұрғыны:
- Далаға шықтым түнгі сағат 3-те, сонда мына жақ қызарып жатты. Жайылым кетті-ау деп ойладым. Содан 4 жарымда малшым келді. Малдың бәрін шығардық үйден, қашып шықтық деді. Көлігімізді, жеңіл машиналарымызды – бәрін алып шыққан. Малды түгел трассадан асырып, орман жаққа өздері дала арқылы қашыпты.
Премьер-министр бұл сұрақты қозғады. Тапсырма берді. Сондықтан енді үй жайынан, малынан айырылғандарға тиісті көмек көрсетіледі алдағы уақытта.