«Салық қызметкері» болып, кәсіпкерлерді бопсалаған адам ұсталды
Астанада өзін салықтық органдардың қызметкері ретінде таныстырып, кәсіпкерлерді заңсыз сыйақы беруге мәжбүрлеген азамат ұсталды.
Мұны қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады. Күдікті кәсіпкерге моральдық қысым жасап, 300 мың теңге талап еткен. Бұл жайт мессенджердегі хабарлама және аудиожазбалармен расталды.
Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Жалған қызметкер қажетті соманың екінші жартысын алу кезінде парамен ұсталды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. ҚР ҚПК 201-бабының талаптарына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды. Өздерін фискалдық және басқа органдардың қызметкерлері деп таныстырған азаматтардың заңсыз сыйақы талап етіп, қысым көрсету фактілеріне тап болсаңыз, ҚМА call-орталығына дереу хабарласуыңызды сұраймыз.