ҰҚК 2 лаңкестік оқиғаның алдын алды
Лаңкестер Қожа Ахмет Яссауи кесенесін жарып жібермек болған.
Бұл жөнінде бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымы терроризмге қарсы өңірлік құрылымы кеңесінің 40-шы отырысында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сейсембаев мәлімдеді.
Оның сөзінше биыл арнайы қызмет мамандары Астанада қаласында да террористік акт жасамақ болғандардың арам ойын әшкерелеген. Сарапшылардың айтуынша, соңғы 3 жылда Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында 80-ге жуық теракт болған. Ал биыл лаңкестік шабуылдардың саны күрт өскен. Мәселен 2022 жылы 18 теракт болса, осы жылы 47-ге жетті. Салдарынан 400-ден астам адам, қаза тапты.
Руслан Сейсембаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:
- Қазақстанда жоғары террористік қауіп сақталып отыр. Жыл сайын кем дегенде осындай 2 шабуылдың алдын аламыз. Мысалы, биыл дайындықтың ерте кезеңінде Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қолдан жасалған жарылғыш құрылғымен жарудың жолы кесілді. Астанада адамдар жаппай жиналған жерлерде қарулы шабуыл жасау әрекеттері тоқтатылды.
ТЕРІС АҒЫМДАРДЫ ҒАЛАМТОРДА НАСИХАТТАУ ДЕРЕГІ КӨБЕЙДІ
Сондай-ақ, Руслан Сейсембаев жастар арасынан деструктивтік қауымдастықтарда тұратын 80 мыңға жуық желі қолданушысы анықталғандығын мәлімдеді. Олардың 6 мыңы 18 жасқа толмағандар екен. Сарапшылардың сөзінше, қазір интернетте экстремистік электрондық алаңдардың саны 10 мыңға жетеді. Әлеуметтік желілер арқылы лаңкестік әрекеттер басқарылып, теріс бағыттағы материалдар таратылады. Өкініштісі осы ағымдардың жетегінде көбіне жастар ілігіп жатады.
Руслан Сейсембаев, ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары:
- Белсенді диджитализациялау - терроризм мен экстремизм идеологтарының үгіт-насихат қызметін интернетке көшіру үшін еріксіз жағдай жасады. Бүгінде ол жас өрендерді радикалдандырудың негізгі факторы болып табылады. Цифрлық ортада халықаралық террористік ұйымдардың жұртқа деструктивті бағытта үгіт-насихат жүргізе алатын желілік инфрақұрылымы да жасалған.