Алматы облысында газ жарылып, 4 адам зардап шекті
Алматы облысы, Гүлдала ауылында табиғи газ плитасы жарылып, 4 адам зардап шекті.
Оқиға, бүгін таңғы уақытта Сүйінбай мен Байтұрсынұлы көшелерінде болды. Жарылыстан зардап шеккен екі тұрғын Алматы қалалық нөмір 4-ші клиникалық емханасына жатқызылды. Ал денелерін күйік шалған тағы екі тұрғын Алматы көпсалалы клникалық ауруханасына жеткізілген. «Науқастар жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілуде» деді емхананың баспасөз қызметі. Апат құбырдағы газ қысымының күрт жоғарылауынан болуы мүмкін. Оқыс оқиғадан кейін Төтенше жағдайлар қызметі мен газға жауапты компания жеке үйлерді аралап, газ қауіпсіздігін тексере бастады.