Лай көшкіні: Алматыда 13 адам эвакуацияланды
Алматының Таусамалы ықшамауданында болған лай көшкінінен тағы 3 адамның денесі табылды.
Олар: 1984 жылғы туған ер адам, 1980 жылғы әйел және 2007 жылғы жасөспірім. Сонымен қаза тапқандардың саны 4 адамға жетті. Қазір үйіндіні аршу жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай-ақ сол маңайдан 13 адам эвакуацияланды. Олар түнгі сағат 2:45-те Медеу ауданындағы №47 мектепке орналастырылған. Төтенше жағдай қызметкерлері мектептің спортзалына 40 адамға төсек-орын дайындап, қонып шығуға жағдай жасаған. Тұрғындарға ыстық шай мен тамақ ұйымдастырылып, олар таңға жуық туыстарының үйіне қайтқан. Қазіргі уақытта мектепте төтенше жағдайлар қызметкерлері, жедел жәрдем көліктері мен арнайы құтқару көліктері кезекшілікте. Бүгін мектеп онлайн режимге ауысты.
Индира Ержігітова, №47 жалпы білім беретін мектеп директоры:
- Түнгі 2:45-тен бастап адамдар келе бастады, 13 адамды біз тіркедік. Содан бері ыстық тамақпен, ыстық шаймен қамтамасыз еттік. Таңғы 6-ға дейін болып, шайларын ішіп отырды, сосын барлығы жан-жаққа, туыстарына кетті.