Жамбыл облысында балықшының мәйіті табылды

Жамбыл облысында бір ай бұрын балық аулауға шығып жоғалған екі балықшының бірінің өлі денесі табылды, деп хабарлайды 24KZ.

Төтенше қызмет мамандары көл бетіне қалқып шыққан мәйітті дрон көмегімен анықтады. Құтқарушылар оны қалың қамыс арасынан алып шықты. Қазір екінші балықшыны іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске салайық, қаңтар айында Жуалы ауданындағы Қарабастау ауылының тұрғындары Билікөл көліне балық аулауға шығып, із-түзсіз кеткен еді. Арнайы техника мен сүңгуірлер тартылған іздестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр.

Руслан Орынбеков, Жамбыл облысы ТЖД бастығының орынбасары:

- Осы бір адам табылған аймақтан және тағы басқа учаскелерде іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі таңда ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты кейбір кездерде іздестіру жұмыстары тоқтатылып жатыр. Себебі жел болып, жауын-шашыны бар, сол себепті жұмыстар тоқтатылып, кейде үзіліп қалып жатыр.