Абай облысында жолаушылар тікұшақпен эвакуацияланды
Абай облысындағы Байбура асуында қалған жолаушылар тікұшақпен Жарма ауданына жеткізілді.
Құтқарушылар 29 әйел мен баланы МИ-8 тікұшағымен Қалбатау ауылына эвакуациялады. Мұнда жол бойындағы дәмхананың бірінен жылыту бекеті ашылды. Шығыс Қазақстан облысына қарасты әуе бөлімшелері тағы 32 адамды осында орналастырды. Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен де қосымша 12 адам жеткізілді. Араларында суықтан үсіп, зардап шеккендер бар. Оларға көмек көрсетіліп жатыр. Қақаған аяз, қалың қар мен боран салдарынан Қалбатау-Майқапшағай учаскесінде де күрделі жағдай қалыптасқан. Мұнда полиция майоры Данияр Қайырханов көліктерге, қара жаяу жол сілтеп отырды. Айта кетейік, Абай облысында 100-ден астам көлік жолда қалып қойды. Құтқару жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Республикалық және облыстық штаб құрылып, жедел желі іске қосылды.