Сыртқы саясат: Қазақстан төрағалығымен 160-тан астам іс-шара өтті

Қазақстан жаһандық аренада жетекші рөлге ие. Былтыр еліміздің төрағалығымен 160-тан астам іс-шара өткізілді және 60 жаңа құжат қабылданды. Нәтижесінде қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастық нығая түсті.

Өткен жылға көз жүгіртсек, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық еткенде 160-тан астам іс-шара өткізілді. Олар экономикалық ынтымақтастықты, қауіпсіздікті, экологиялық бастамаларды және цифрлық трансформацияны қамтыған. Сондай-ақ ұйым 60 жаңа құжатпен толықты. Қазақстан Еуразия экономикасының, саудасының, көліктік және логистикалық байланысын қалыптастыруға бағытталған 2035 жылға дейінгі даму стратегиясына бастамашы болды.  Төрағалықтың басты іс-шарасы ретінде алғаш рет «Шанхай ынтымақтастық ұйымы +» форматында өткен Астана саммиті болды.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Ең үлкен шаралардың бірі – ол Астанадағы Шанхай ынтымақтастықұймының жиынының өтуі. Оған БҰҰ басшысы Антонио Гутерриш мырзаның өзінің келуі. Бұл жиында ШЫҰ мүше мемлекеттердің күн тәртібінде тұрған қауіпсіздік мәселелері ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге жауап беретін халықаралық мемлекеттер арасында қатынастарды реттейтін БҰҰ институтының қазіргі бастан кешіріп жатқан кризис мәселесін де талқылаған болатын. Осы орайда Қазақстан жаһандық диалог алаңына айналды деп айтуға болады.

Жалпы 2024 жылы Қазақстан бірқатар беделді халықаралық ұйымдар мен платформаларға төрағалық етті. Атап айтқанда, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ), Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ), Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске (АӨСШК), Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ), Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесуіне және Халықаралық Аралды құтқару қорына (ХАҚҚ) табысты төрағалық ету Қазақстанның халықаралық ықпалын нығайтудағы маңызды қадам болды. Бұл еліміздің дипломатиялық мүмкіндіктерді кеңейтті.

«Ірі державалардың арасында дамушы мемлекеттердің өз мәселелерін күн тәртібіне қоя білуі маңызды», – дейді саясаттанушы. Сондықтан халықаралық ұйымдарға мүше болып төрағалық ету өзара сенімге негізделген жаңа тәртіптің қалыптасуына негіз болады.

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Кез келген мемлекеттің халықаралық аренадағы ең басты атқаратын міндеті – өз мемлекетінің ішіндегі тыныштықты сақтай білу және сол тыныштық арқылы аймақтағы тыныштықты және жаһандағы тыныштықты сақтай білу. Осы орайдан қарайтын болсақ, Қазақстан өз міндетін өте жақсы атқарып жатыр. Өйткені халықаралық геополитикалық жағдайға қарамастан, үлкен қақтығыс болып жатқанына қарамастан Қазақстан барлық сын-қатерлердің бәрін өте жоғары деңгейде атқарып келе жатыр. Әрдайым дипломатиялық принициптерді алға тартып келе жатыр. Соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік ұйымының Қазақстан аумағында өткен жиыны да осының бір көрінісі деуге болады.

Былтыр Орталық Азия мемлекеттерімен көпжоспарлы ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан серпінді жыл болды. Мемлекет басшысының «Орталық Азияның Ренессансы: орнықты даму мен өркендеу жолында» бағдарламалық мақаласы өңірдегі бауырластық қатынастардың, тату көршілік пен стратегиялық серіктестіктің форматын белгіледі.

Бүгінде біздің мемлекет көпвекторлы саясатты жалғастырып, халықаралық ынтымақтастықта нық қадамдар жасап келеді. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл елдің дипломатиялық әлеуетін арттырып, әлемдік аренада жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.