Орталық сайлау комиссиясына 104 өтініш келіп түскен

Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда Парламент Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі науқан барысында келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау барысы талқыланды. Осы күнге дейін барлығы 104 өтініш түскен. Оның ішінде 46-сы жеке, 36-сы заңды тұлғалардан, сондай-ақ 22 -сі бұқаралық ақпарат құралдарына тиесілі. Көп бөлігі сайлау заңнамасын түсіндіру бойынша өтініш-арыз екені анықталып, 81-іне толық жауап берілген. Ал қалғандары құзыретті органдарға жауап алу мақсатында жолданды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы төрағасы Берік Имашев жергілікті атқарушы органдар, кезекті сайлауды материалдық-техникалық қамтамасыз етуі бойынша тапсырмалар беріп, коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алуына тиісті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті.

Ерлан Дауылбаев, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:

– 104 өтініштің 81-іне ОСК аппараты өтініш берушілерге белгіленген мерзімдерде толық жауаптар берді. 12 өтініш Ортсайлауком құзыретіне кірмейтін тақырып ретінде заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдарға қайта жіберілді. 6 өтініш заңнамаға сәйкес қараусыз қалдырылды: олардың ішінде 4 азаматтың өтініші, өйткені оларда мәселенің мәні баяндалмаған, сондай-ақ жаңа дәлелдер келтірілмеген екі қайталама өтініш. 5 өтініш қаралып жатыр.