Президент Түркістан және Павлодар облыстары әкімдерінің есебін тыңдады

Бұл туралы Берік Уәли өзінің фэйсбуктегі парақшасында жазды.

Түркістан облысы қазір «жасыл» аймақта. Осы күнге дейін 35 мың тұрғынға вакцина салынған. Өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев Сауран ауданын құруға қатысты мәлімет берді. Жаңадан құрылып жатқан ауданның халқы 100 мыңнан асады, жалпы аумағы 650 мың гектарға жуық. Ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы болмақ.

Павлодар облысының әкімі де алдымен өңірдегі эпидемиологиялық ахуал жөнінде есеп берді. Қазір онда 19 мыңнан астам адамға екпе салынған. Аймақ көктемгі егіс науқанына дайындықты бастап кеткен. Биыл 1 млн 490 мың гектар жерге егіс салу жоспарланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан және Павлодар облыстарының әкімдерімен өңірлерде қалыптасқан қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық және әлеуметтік-экономикалық ахуал туралы телефон арқылы сөйлесті. Түркістан облысының әкімі Президентке коронавирустың таралуы бойынша өңірдің қазіргі таңда «жасыл» аймақта екенін және 35 мың тұрғынның вакцина алғанын баяндады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа жаңа Сауран ауданын құру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берілді. Өмірзақ Шөкеевтің айтуынша, қазір жаңа әкімдіктің басқару жүйесі мен бюджеті бекітілуде. Жуық арада құқық қорғау органдары мен министрліктердің жергілікті бөлімшелері жұмыс істей бастайды. Жаңадан құрылып жатқан ауданның халқы 100 мыңнан асады, жалпы аумағы 650 мың гектарға жуық. Ауданның әкімшілік орталығы – Шорнақ ауылы. Сонымен қатар әңгімелесу барысында электр қуатының апаттық жағдайда сөнуінен болған зардаптарды қалпына келтіру, көктемгі су тасқынының алдын алу және егіс науқанына судың жетіспеушілігі проблемасын шешу мәселелеріне баса мән берілді. Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та Президентке коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шаралары жайында есеп берді. Өңір басшысының айтуынша, қазіргі уақытта өңір «сары» аймақта. 13 сәуірдегі мәлімет бойынша облысқа «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентінің 21 750 және екінші компонентінің 10 750  мөлшері жеткізілген. Жалпы 19 мыңнан астам адамға екпе егіліп, 4100 азамат вакцинаның екінші компонентін салдырған. 

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа көктемгі егіс науқанына дайындық жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Әкімнің айтуынша, биыл 1490 мың гектар жерге егістік салу жоспарланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 59 мың гектарға артық.