Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Әзірбайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Рашад Маммадовты қабылдады, деп хабарлайды parlam.kz.
Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту төңірегінде ортақ ойларымен бөлісті. Сондай-ақ кездесуде Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы әріптестікке қатысты бірқатар мәселелер талқыланып, Палата Спикері Елшіге екі ел қарым-қатынасын, соның ішінде, парламентаралық байланысты нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Палата Төрағасы Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға күш салып, Әзербайжанмен өзара байланыстың ерекше маңыздылығына назар аударатынын айтты. Сонымен қатар, Нұрлан Нығматулин Әзірбайжан Қазақстанмен стратегиялық серіктес ел ғана емес, бауырлас мемлекет екенін, бүгінде Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакумен ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін алға тартты. Өз кезегінде мәртебелі мейман Қазақстанмен барлық салада әріптестік орнатып, парламентаралық өзара іс-қимылды жандандырып, сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастың берік негізі қаланғанына тоқталды.
Нұрлан Нығматулин мен Рашад Маммадов парламентаралық диалогты нығайту Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.