Күлтөбе қалашығынан тарихи құнды жәдігер табылды

Археологтар еліміздің оңтүстігінен ежелгі артефакттар тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандар Күлтөбе қалашығынан табылған дүниелерді құнды жәдігерге балап отыр. Себебі біздің дәуіріміздің І ғасырына тиесілі жазбалар тұтас күйінде сақталған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- Археологтар құнды олжаға кенелді. Ордабасы ауданы Сарыарық ауылының маңында орналасқан аймақтың қазір бір бөлігі ғана сақталыпты. Ал орталық бөлігі Арыс өзенінің көтерілуі салдарынан шайылып кеткен.

Профессор Александр Подушкин бұл тақтайшалардың екі мың жылдан астам тарихы барын айтады. Шың басып, жер астынан табылған жазба жәдігерінен толық мәтінді оқуға мүмкіндік бар. Айтуынша, осы маңда ежелгі жазба орталығы жұмыс істепті.

Александр Подушкин, ОҚМПУ профессоры:

- Әлемдегі әрбір мемлекеттің жазба мәдениеті қалыптаспаған. Әр мемлекет жазба тарихымыз бар деп мақтанады. Бірақ керамикалық кірпіш кесте түріндегі мұндай өнер түрі сирек кездеседі. Біздің Қазақстанымыз осы ұлы державалардың қатарына енеді.

Мұнда алғаш рет 30 жыл бұрын Құлтөбе деп аталатын хаттың бөліктері табылған. Олар тас тақтада, қыш ыдыстарда ақпарат ретінде көрсетілген еді. Ал бұл керамикалық кестенің тарихы тым тереңде болғандықтан зерттеушілерді қатты қызықтырыпты.

Александр Подушкин, ОҚМПУ профессоры:

- Бұл жерде Самарқанд, Бұхара, Кеш, Қарши, Шаш сияқты ірі орталықтарға қатысы бар оқиғалар жазылған. Сондай-ақ қаланың құрылуы мен жері туралы жазба қалдырылған. Ең бастысы, шатырлар немесе көшпенділер мекен еткендігі көрсетілген. Олар отырықшы ауыл шаруашылығының адамдары болыпты.

Ғалымдар бұл жазбалардан арамей алфавитін кездестіргенін айтады. Бұл ежелгі финикия жазуының жетілген бір нұсқасы. Сондай-ақ археологтар осы маңнан қатардағы жауынгер емес білікті қолбасшының да мүрдесін тапты.

Александр Подушкин, ОҚМПУ профессоры:

- Осындай үлкен қорғаннан алғаш рет сапалы сұқпалы қару табылды. Оның барлық параметрлері байырғы үлгісін қайта қалпына келтіре алатынымызды көрсетіп отыр.

Археологтар «көшпенділердің садағын да қалпына келтіріп, қайта құрастыруға болады», дейді. Бірақ әзірге оның тек басты бөлігі ғана табылған. Іздестіру жұмыстары сәтті аяқталса сол заманның қаруы бүгінгінің құнды жәдігірі болар еді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов