Мемлекет басшысы бірқатар кездесу өткізді

Тараптар Қазақстан мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасындағы ынтымақтастықты дамыту жайын сөз етіп, қазіргі заманның өзекті сын-қатерлері мен үрдістері туралы пікір алмасты,

деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік экономикалық форумның «Астана» халықаралық қаржы орталығымен табысты ынтымақтастығы туралы айтты. Клаус Шваб болса, Президентті келесі жылы қаңтарда Давоста өтетін Дүниежүзілік экономикалық форумға қатысуға шақырды. Сонымен қатар елімізде Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық реформаларды жоғары бағалады.

Президенттің жұмыс кестесі өте тығыз екенін айттық. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің әкімшісі Саманта Пауэрмен де кездесті. Диалог кезінде саладағы түрлі жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріліп, Қазақстан мен Америка арасындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. 

Әйгілі General Electric International Markets елімізге медициналық жабдықтар өндірісін көшіруге ниетті. Атап айтқанда, ультрадыбыстық зерттеу мен компьютерлік томограф аппараттарын шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу жоспарланып отыр. Мұны Нью-Йоркте Мемлекет басшысымен кездесуде компанияның аға вице-президенті Набил Хабайеб айтты. 

Ал ExxonMobil корпорациясының аға вице-президенті Нил Чепманмен кездесуде еліміздің көмірсутек секторында бірқатар жобаны іске асыру барысы талқыланды. Тараптар Қашаған кен орнында толық ауқымды өндірісті қайта бастау мерзімін де сөз етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Franklin Templeton жаһандық инвестициялық фирмасының бас директоры Дженни Джонсонмен де кездесті. Әңгіме барысында біздің елде бірлескен жобаларды іске асырудың мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ әлемдік экономика мен қаржы нарықтарының одан әрі дамуы жөнінде пікір алмасты. Franklin Templeton – 1,5 трлн долларлық активке ие жаһандық инвестициялық компания.