Елімізде жаңа партия құрылуы мүмкін
Елімізде жаңа «Respublika» партиясы ресми тіркелуі мүмкін. Бұл туралы саяси ұйым төрағасы Айдарбек Қожаназаров өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Оның айтуынша, саяси ұйымды ресми тіркеу үшін кеше қажетті құжаттар Әділет министрлігіне жолданған. Партияны құру үшін 5 мың қол жиналып, елдің түкпір-түкпірінде құрылтай съезі өткізілді. Ал ұйымның бағдарламасы әлеуметтік-экономикалық және басқа да өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Сондай-ақ Қазақстанның өзіндік ерекшелігін, мәдениеті мен тілін барынша сақтай отырып, цифрландыруды дамытуға басымдық берілмек.