«AMANAT» партиясы жаңа жобаны іске қосты
«AMANAT» партиясы «Құқықтық көмек» жобасын іске қосты. Бұл жөнінде партия төрағасы Атырау облысының жұртшылығымен кездесу кезінде айтты.
Жаңа бастама өңір тұрғындарының құқығын қорғауға бағытталған. Пилоттық жоба аясында сотта, қылмысты қудалау органдарында, одан да басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар қаржы және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріледі.
Ерлан Қошанов, «AMANAT» партиясының төрағасы:
- Жасыратыны жоқ, бізде қоғамда азаматтардың, біріншіден, құқықтық және қаржылық сауаттылығы көп жерлерде әлі де төмен. Сондықтан біз, «AMANAT» партиясы, құқықтық көмек жобасын қолға алдық. Бірақ шалғайдағы ауыл тұрғындарының бәрі бірдей кәсіби көмекке қол жеткізе алмайтыны да шындық. Сондықтан осы жоба аясында партиямыздың заңгерлері ауыл-ауылды аралап, халыққа арнайы құқықтық көмек көрсететін болады. Әділдік пен заңның үстемдік құруы осындай нақты істерден басталуы керек.