Қ.Тоқаев ADSW-2023 форумының ашылу рәсіміне қатысты
Бүгін Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Даби қаласында «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммиті ашылды.
Оның ашулы рәсіміне ресми сапары аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл саммит әмірліктердің астанасы Абу-Дабиде 2008 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келеді. Оған мемлекет басшылары, саясаткерлер мен кәсіпкерлер қатысып, климаттың өзгеруін тоқтату, баламалы энергияға көшу тақырыбын талқылайды. Бұл жолғы саммитке Қазақстан Президентімен қоса, Оңтүстік Корея Президенті Юн Сок Ёль, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев те келіпті. Біріккен Араб әмірліктері атмосфераға бөлінетін зиянды заттарды 2050-нші жылы нөлдік деңгейге жеткізу межесін қойып отыр. Осылайша, мұнайға қанша бай болса да, таза энергияға қыруар инвестициясы салған Таяу Шығыстағы алғашқы ел атанды. Әмірліктер қазір баламалы энергетика бағытында құны 43 млрд. доллар болатын 11 жобаны жүзеге асырып жатқанын да хабарлады. Саммит барысында «Zayed Sustainability Prize» жаһандық сыйлығы табыс етілді. Бұл жаһандық сыйлық түрлі салаларда тиімді және инновациялық шешімдері үшін коммерциялық емес ұйымдарға, шағын және орта кәсіпорындарға және орта мектептерге беріледі. «Жаһандық орта мектеп» номинациясы бойынша сыйлықты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев колумбиялық мектепке табыс етті. 2009 жылдан бері әлем бойынша 96 адам осы сыйлықтың иегері атанды. Сыйлықтың жүлде қоры – 3 млн АҚШ доллары.