Қазақ-өзбек ынтымақтастығы нығаяды

Былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы шамамен 30%-ға өсіп, 5 млрд долларға жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Енді қос мемлекет ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, көрсеткішті еселеуге ниет білдіріп отыр. Осы орайда бүгін 2 елдің үкімет басшылары сауда-саттықты арттыру жоспарларын талқылады. Тараптар экономика, көлік-транзит және су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен ауыл шаруашылығындағы бірлескен қадамдарды арттыруды пысықтады. Әлихан Смайылов сауда-саттық көлемін 10 млрд долларға дейін ұлғайту қажет деді. Өз кезегінде Өзбекстан үкіметінің басшысы Абдулла Арипов ауыл шаруашылығы мен көлік-логистика саласындағы тығыз байланысты ерекше атап өтіп, өңірлер арасындағы тікелей байланысты жоғары бағалайтынын жеткізді.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі:

- Өзбекстан біз үшін –  бауырлас мемлекет және маңызды стратегиялық серіктес. Қазақстан Үкіметі өзара тиімді әріптестікті одан әрі ұлғайтуға әрқашанда дайын. Біз шын мәнінде берік және үйлесімді қарым-қатынастар орнаттық. Ол барлық салада қарқанды дамып келеді. Біздің басты мақсатымыз – алдымызда тұрған міндеттерді толық орындау және Қазақстан-Өбекстан ынтымақтастығын сапалы, жаңа деңгейге шығару болып табылады.

Абдулла Арипов, Өзбекстан республикасының премьер-министрі:

- Екіжақты тауар айналымы қарқынды дамып келеді. Көлік-логистика саласындағы, әсіресе жаңа көлік дәліздерін дамыту бойынша өзара іс-қимылды ерекше атап өткен жөн. Біз өңірлер арасындағы байланысты жоғары бағалаймыз, бұл бауырлас халықтардың ынтымақтастық әлеуетін толық іске асыруға мүмкіндік береді.