Мемлекет басшысы жамбылдықтармен жүздесті

Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығы Таразда көп аялдаған жоқ, аудан-ауылдарды аралады. 120 мыңнан астам тұрғыны бар Байзақ ауданындағы 5 ауылға барды, бірінде шаруалармен, бірінде оқушылармен кездесті. Дәрігерлермен де жүздесті, деп хабарлайды «Хабар 24».   

Қарапайым шаруа Қуанышбектің қорасына журналистер жиі келе бермейтін қонақ. Ал Президент келеді дегенді естігенде тіпті абдырап қалды. «Еңбектің еленгені шығар» деп езу де тартып қояды. Отбасы осыдан 3 жыл бұрын 2,5%-пен 3 млн 600 мың теңге кредит алып, 8 сиыр сатып алды. Кредит төлеуден 1 жылға босатылды, осы аралықта түліктің түрін де, тұяғын да көбейтті. Бүгінде ол қорасындағы малын кредитке алынған, алынбаған деп бөлетін болған.

Қуанышбек Рахманбердиев, шаруа:

- Бұл екеуі кредитке алынған жоқ, анау екеуі – кредитке келген малдар. Анау бергісі – Алатау 2 млн 800 мыңға алынды, арғысы – Ракета 1 млн 850-ге алдық. Сосын анау 2 жабағы олар кредитке келді.

Жамбыл облысы әлеуеті әлсіз өңір емес, бірақ бюджетінің 90% республикалық трансферттен толтырып отыр. Жамбылдықтардың жағдайын қалай жақсартамыз, табысын қалай арттырамыз дегенде, «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталды. Мал бағам, бау-бақша егем, техника алам деген ауылдағы ағайынға арзан несие берілді, нәтижесі бүгін Президентке баяндалды.

Мал бағу қазір оңай емес. Азық керек. Осы ретте көмекке кооператив келеді. Күзде шаруаларға арзан шөп шауып, тасып беруге лизингке сатып алынған мына техникалар жұмылдырылады.

Бақыт Қазанбасов, Байзақ ауданының әкімі:

-48 млн ақшаға 12 техника сатып алды. Бұл жерде «пресс подвощигі» бар, шөп шабатын машинасы бар, сол шөпті орып, тасымалдап беретін трактор, арбасының бәрі алынған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ауыл шаруашылығына айрықша мән беріп отырмыз. Президент болып сайлағаннан кейін, ең алдымен, Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдасын әзірлеу туралы Жарлыққа қол қойдым. Алдағы 3 жылда кооперацияларды дамытуға 1 трлн теңге бөлеміз. Осы қомақты қаржыны тиімді пайдалану керек. Мемлекет ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне әрқашан қолдау білдіреді.

Жалпы, Жамбылға жасаған бұл сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев облыс орталығы Таразда көп аялдаған жоқ, аудан мен ауылды аралады. 120 мыңнан астам халқы бар Байзақ ауданындағы 5 ауылдағы, 5 түрлі нысанға барды. Соның бірі – Көктал ауылындағы жаңа мектеп. Биыл бұл білім ошағы 1200-ден астам оқушыны қабылдады. Ауылдағы бұрынғы ескі мектеп тар әрі суық болатын.

Рахат Жанысбай, оқушы:

- Кабинетіміз мүлдем суық болды. Сосын керек-жарақ жетпеді, кітап жетпеді. Жаңа мектепте кабинет кең, оқушылар сыйып жатыр.

Алдағы 2 жылда «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша Жамбыл облысында 9 500 орындық 13 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның 8-і келесі жылы пайдалануға берілмек. Ауылдық мектеп үшін Президент – күнде келе бермейтін мейман, сондықтан Абайдан өлең, домбырамен күй, ал шахматтан шеберлік.

Ал бұл – басқа ауыл, басқа нысан. Мырзатай ауылындағы «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасы. Жылына 1 млн балапан өсіреді, 250-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Кәсіпорын жыл сайын 8 мың тонна бройлер етін өндіреді, өнімін ішкі нарыққа және Ресей мен Қырғызстанға экспорттап отыр. Биыл құс фабрикасының өндірістік қуатын 12 мың тоннаға дейін арттыру үшін қосымша 6 нысан салу жоспарланып отыр.

Бүгін Президент арнайы барған бір нысан – Сарыкемер ауылындағы жаңа емхана. Мұндағы жұрт мұндай еңселі емхананы бұрын соңды көрмеген.

Жанар Оспанова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Осы уақытқа дейін халқымыз қызметтерді облыс орталығынан алатын болған. Ал енді бүгін осы емхананың ашылуына сәйкес ауданымыздың тұрғындары облыс орталығына, қалаға бармай-ақ өздерінің аудандарында қымбат тұратын жоғары технологиялық диагностикалық көмекті алатынына біз өте қуаныштымыз.

Емхана ашылады, аурухана салынады, бірақ маман бар ма? Жамбыл облысында 100-ге жуық медициналық маман тапшы. Әсіресе ауыл мен аудандарға барғысы жоқ. Барғысы келмегендердің бірі – Ләззат Еламанова болатын. Бірақ «дипломмен ауылға» келді.

Ләззат Еламанова педиатр:

- Мен өзім – Шымкент қаласының тумасымын. Тараз қаласына тұрмысқа шыққанмын. Көтерме ақшалай көмек береді. 1 млн көлемінде берді.

Ал бұл – осыдан 3 ай бұрын Таразда ашылған Шерхан Мұртазаның ескерткіші. Былтыр ел болып 90 жылдығын атап өткен жазушының еңселі ескерткішіне бүгін Президент гүл шоғын қойды. Сосын осы жерге жиналған жергілікті зиялы қауым өкілдерімен әңгімелесті. Шерағаның ескерткішінің жанында тұрғанда шабыттың шалқымауы мүмкін де емес еді.

Ескерткіштің жанында Халықаралық Тараз инновациялық институты тұр. Былтыр бұл оқу орнына Шер ағаның есімі берілген. Президентке бүгін осы институттың Студенттер үйі таныстырылды.

Ерболат Саурықов, Тараз халықаралық инновациялық институтының президенті:

- Институтта 7 оқу ғимараты бар, 5 зерттеу орталығы бар. Студенттер үйін сатып алған шығармашылық орталықтары, спорт алаңдары, сұлулық салоны бәрі – қарастырылған. Өзіңіз тапсырмаңыз бойынша биылғы жылы 100% қамтыдық.

Президент Студенттер үйін аралап жүріп, онда тұрып жатқан жастармен жүздесу барысында өзінің студенттік өмірін де еске алды.

- Мына жерде тұрасыздар ма? Жағдай қалай? Мен Мәскеуде осындай жатаханада тұрдым. Мен тағы бір поляк жігіті болған.

Білімге келгенде қанағат қылмау керек, - дейді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Еліміздің болашағы – жастар. Әрқашан қолдаймыз. «Толық адам», абайша айтқанда. Ол, ең алдымен, білімді адам. Білімге қылғанда, қанағат болмау керек. Еліміз озық ел болады, бұл мақсат өздеріңізге байланысты.

Айтпақшы, бұл – Жамбыл облысының 10-шы әкімі Нұрлан Нұржігітовтің өңір басшысы ретінде Президентті алғаш қарсы алуы. Бәрін емес, әрине, бірақ барын көрсетті. Президент бұл сапары барысында аймақтың даму бағытын аңғартып та кеткендей, ол – ауыл шаруашылығы саласының дамуына ден қою. Еңбек жолын колхозда механик болып бастаған Нұрлан Нұржігітов Әулиеатаның бұл әлеуетін арттыра ала ма? Әзірге айту ертерек те секілді, оның облыс басшысы атанғанына енді бірер күнде 10 ай толады.

Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Бақытбек Нұртаев.