Сайлау процесі прокуратура назарында болмақ

Кезектен тыс сайлау науқанын өткізу барысы бойынша сот пен прокуратура өкілдеріне 300-ден аса өтініш түскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың барлығына тиісті жауап берілді. Органдар қазір де сайлау процесі заңдылығын қамтамасыз етуді бақылауда ұстап отыр.

Бас прокуратураның басқарма бастығы Азамат Сар-ғазиннің айтуынша, бұған дейін 40-қа жуық заң бұзушылық анықталып, кінәлілер әкімшілік жазаға тартылды.

Азамат Сарғазин, ҚР БАс прокуратурасының басқарма бастығы:

- Сайлау күні кез келген сайлау алдындағы үгітті жүргізуге тыйым салынғанын тағы бір еске салғым келіп отыр. Сондай-ақ сайлау күні БАҚ сайлау нәтижелерінің болжамдарын, сайлауға және кандидаттарды қолдап дауыс беруге байланысты өзге де материалдарды жариялауға жол берілмейді. Мұндай сауалнамаларды дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте өткізуге болмайды. ҚР заңның аталған талаптарын орындамау ӘҚБ туралы кодекстің 102-120 баптарымен жауаптылыққа әкеп соғады.