Ақтөбе облысында 525 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. LIVE
Ақтөбе облысынан Парламент Мәжілісіне бір мандаттық округтен сайлауға 11 кандидат түсіп жатыр. Жалпы, аймақта 562 мың 590 сайлаушы тіркелген. Олар өңірдегі 525 учаскеде дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мансұр Есқожин, тілші:
- Жалпы, батыс аймақта уақыт айырмашылығына байланысты сайлау учаскелері өзге өңірден 1 сағат кеш ашылатыны белгілі. Бірақ 3 учаске бұл жолы таңғы 6-дан бастап жұмыс істеген. Бұл өндірістік орындардағы вахталық әдіспен еңбек ететін жұмысшылар үшін жасалған жағдай. Бұдан бөлек, қылмыстық атқару жүйесі мекемелері мен әскери бөлімдерге тиесілі 14 жабық учаске бар. Өзге дауыс беру орындары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Мәселен, қазір біз №67 учаскедеміз.
Парламент Мәжілісі депутатығына үміткерлермен қатар жергілікті мәслихат сайлауының да тартысты өтіп жатқандығын пайымдауға болады. Себебі Ақтөбе қалалық мәслихатына бір мандаттық 32 сайлау округінен 128 кандидаттар түскен. Ал облыстық мәслихатқа бір мандаттық 17 округтен 67 үміткер тіркелген. Ең жас кандидат 22-де болса, ең үлкені 74 жаста. Орталық сайлау комиссиясы байқаушы ретінде 14 үкіметтік емес ұйымның тіркелгендігін жеткізді.