Ұлыбританияда сайлау мерекелік көңіл күйде өтіп жатыр. LIVE

Ұлыбританиядағы Парламент сайлауы, бірер сағат бұрын ғана басталды. Өйткені Лондон, Астана уақытынан 6 сағат артта.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Мен қазір  Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігінің ғимаратындамын. Дәл осы жерде №244 сайлау учаскесі орналасқан. Сайлаушылардың қатарында Лондон қазақтары ғана емес, Ұлыбританияның түкпір-түкпірінде уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз да бар. Дауыс берушілер арасында туристер де көп. Біріккен Корольдікте саяхаттап жүрген  отандастарымыз азаматтық борыштарына жауапкершілікпен қарап, елшілікке ат басын бұрып жатыр. Бұған дейін сайлау учаскесі комиссиясының төрағасымен және сайлаушылардың бірімен әңгімелескен едім. Сол сұхбаттарға назар аударайық.

Мираз Аңдабаев, №244 сайлау учаскесі комиссиясының төрағасы:

- Бүгін Лондон уақыты бойынша таңғы сағат 7-ден Қазақстан Республикасының Елшілігі жанындағы №244 сайлау учаскесi біздің бүкіл азамматарымызға ашық. Демалыс күніне қарамастан, таңертеңнен бастап біздің отандастарымыз сайлауға белсенді қатысып жатыр. Олардың көпшілігі – студенттер мен жұмысшылар, спортшылар, сондай-ақ Ұлыбританияға іс-сапармен келген азаматтар. Бюллетендерді санап болғаннан кейін сайлау нәтижелерін Астанаға жібереміз.

Елнара Сәкенова, Queen Mary университетінің магистранты:

- Мен Болашақ бағдарламасы бойынша Queen Mary университетінде магистратурада білім алудамын. Бүгін Лондон төрінде өтіп жатқан сайлауға өзімнің саяси көзқарасымды білдіру үшін арнайы келдім. Менің ойымша, әрбір Қазақстан азаматы, әсіресе жастар үшін саяси белсенділік таныту өте маңызды. Халықты толғандыратын мәселелерді ескеріп, ел мүддесін айтатын адамдар сайланатынына сенімдімін. Жалпы саяси науқан жоғары деңгейде өтіп жатыр.

Парламент сайлауына 400-ден астам дауыс беруші келеді деген болжам бар. Шетелдік учаскелердегі сайлаушылар тек партиялық тізім бойынша ғана дауыс береді. Отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елшілік жергілікті полициямен қоян қолтық жұмыс істеп жатыр. Биылғы жылдың бір ерекшелігі сайлау Наурыз мерекесі қарсаңында өтіп жатыр. Сондықтан келушілерге елшілік тарапынан ұлттық тағамдар ұсынылып жатыр. Астана мен Лондон арасындағы 6 сағаттық уақыт айырмашылығына байланысты Тұманды Альбиондағы сайлау Қазақстанға қарағанда кешірек басталып, кешірек аяқталады.