Сайлау халықаралық байқаушылардың басты назарында болды
Мәжіліс пен мәслихат сайлауы халықаралық байқаушылардың басты назарында.
Бұл жолғы саяси аламанға алыс - жақын шетелдерден барлығы 800-ге жуық азамат келді. Олардың пікірін әріптесім Айдарбек Айтмұхамбетұлы тыңдап қайтты.
Бүгін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өкілдері бірнеше сайлау учаскесін аралап шықты. Сарапшылар Қазақстанда демократия институты нығайып келеді деп санайды.
Чи Фан, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің өкілі:
- Күн райының құбылмалы болғанына қарамастан дауыс берушілер көп болды. Отбасымен бірге келетіндер де аз емес. Жастар да болды. Менің байқауымша, елде демократия деңгейі артты. Жұрт өз құқықтарын жақсы біледі. Әркім таңдауын жасағысы келеді.
Ал Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің Бас хатшысы Дмитрий Кобицкий: "сайлау учаскелерінің ашылунда заң бұзушылықтар болған жоқ", - дейді. Жалпы елімізге ТМД елдері парламенттерінің 61 депутаты келді.
Дмитрий Кобицкий, ТМД ПА Кеңесі хатшылығының басшысы:
- Біз Қазақстанмен қатар тағы бірқатар елде бақылау жүргізудеміз. Оның қатарында Тәуелсіз Мемлекеттер достастығына мүше елдер мен Қытай, Корея, Франция, Бельгия секілді шет мемлекеттер бар. Бүгін біздің мониторингтік топтар барынша көп сайлау учаскелерін аралап үлгереді деген үміттеміз. Ертең Орталық сайлау комиссиясы алдын-ала қорытындыны жариялаған соң біз де ТМД миссиясы атынан өзіміздің байқау жөніндегі нәтижелерімізді айтамыз.
Түркия елінің бас ұлттық ассамблеясының депутаты Реджеп Шекердің айтуынша, өзін-өзі ұсынған үміткерлер саяси бәсекелестікті арттыра түсті. Түркпа ұйымының миссиясы Астана мен Алматы қалаларындағы сайлау учаскілерін аралады.
Реджеп Шекер, Түркия Бас ұлттық ассамблеясының депутаты:
- Біз бүгін дауыс беру учаскелерін аралап қана қоймай, Орталық сайлау комиссиясының мүшелерімен де кездестік. Басқа да халықаралық байқаушылармен сөйлесіп көрдік. Учаскелердегі дауыс беру процесінің заң нормаларына сай өткізілуін қадағаладық. Әрине, бүгін сайлауға түскен үміткерлер арасында тек партиялар ғана емес, өзін-өзі ұсынған азаматтардың болуы - осы науқанның басты ерекшелігі десек артық айтпаймыз.
Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Оны Ұйымның Парламенттік ассамблеясының вице-президенті Ирини Харалампиди де айтып отыр.
Ирини Харалампиди, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының вице-президенті:
- Қазақстанға алғаш рет келдім. Бірақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сарапшылары осында өтіп жатқан барлық сайлауға қатысып, бақылап келеді. Біздің ұйым мен сіздің елдің арасында тығыз байланыс орнаған. Бүгін өте маңызды күн. Біздің байқаушылар барлық учаскелерге бекітілген. Қолайсыз ауа райына қарамастан, көп адамның дауыс беріп жатқанын көріп тұрмын.
Жалпы еліміздегі саяси науқанға 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымның байқаушылары келді.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы