ТМД Парламентаралық ассамблеясының сессиясы жұмысын бастады
Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер достастығына мүше елдер Парламентаралық Ассамблеясының көктемгі сессиясы жұмысын бастады.
Алқалы жиын екі күнге жалғасады. Ассамблеяның штаб-пәтері - Таврия сарайында Қауіпсіздік және жаңа сын-қатерлерге қарсы тұру бойынша заңнаманы үйлестіру жөніндегі бірлескен комиссияның отырысы өтті. Оған ел парламентінің өкілдері қатысты. Депутаттар одақтас мемлекеттер аясындағы шекаралық ведомстволардың қызметін құқықтық жетілдіру жөніндегі мәселелерді, сондай-ақ ТМД елдері акваторияларындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты заңнаманы реттеу мәселелерін қарастырды.
Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Көптеген мемлекетаралық модельді заң жобалары қаралды. Кейбір заңдарды айтатын болсақ, Қоғамдық қауіпсіздік туралы модельдік заң жобасын қарадық. Сонымен қатар терроризмді қаржыландыратын мемлекеттер болса, оның жауапкершілігі туралы құқықтық кодекске өзгерістер енгізу тұжырымдамасы қабылданып жатыр, соны қарастырдық.
Ассамблея сессиясы аясында Әлеуметтік саясат пен адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Қатысушылар ТМД аясында бірыңғай еңбек нарығын құру, азаматтарды жұмыспен қамтуға ықпалдасу және еңбек миграциясын реттеу мәселелерін талқылады.
Айгүл Қапбарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Еңбек миграциясына қатысты заңнамалыө реттеуді қажет ететін дүниелер бар. Бір-біріне еңбек мигранттары бар бір біріне келіп еңбек етіп жатқан азаматтарымыз бар соларды құқығын қорғау мәселелері. Мұнда айтылған маңызды пікірлер мен ұсынымдар ертең ол заңнамалық құжатқа айналуы мүмкін. Еңбек мигранттарына қатысты, адам құқығын қорғау мәселесіне қатысты ұсынымдарды біз заң қабылдайтын кезде ескеретін боламыз.
Сондай-ақ қазақстандық депутаттар Саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық, Қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиялардың жұмысына қатысты. Айта кетейік, бүгін ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуы жоспарланып отыр. Кеше Сенат Спикері бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресей Федерациясына барған болатын.