Мәулен Әшімбаев Каирдегі Бейбарыс Сұлтан мешітінің ашылуына қатысты
Каирде Бейбарыс Сұлтан мешіті ашылды.
Даңқты билеушінің 800 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатқа атажұрттан Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған делегация барды. Сұлтан аз-Захир Бейбарыс мешіті Мысыр астанасы Каир қаласының ежелгі аудандарының бірінде орналасқан. 13-ғасырда негізі қаланған діни орын Бейбарыс Сұлтанның әмірімен салынды. Осман империясы кезінде мешіт әскери қару қоймасы болса, француз басқыншылығынан кейін де пайдаланылды. Ғимаратты реставрациялау 1960 жылдары басталып, жарты ғасырға созылды. Қос елге ортақ тарихи мәдени мұраны қалпына келтіру жұмыстарына Қазақстан да қатысты. Осы жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әл-Әзһәрдың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед ат-Тайеб І дәрежелі «Достық» орденімен және Мысыр Парламенті Сенатының Төрағасы Әбдел Вахаб Әбдел Разек ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Бүгінгі шараға қатысушыларға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жылы лебізін және көне мешіттің ашылуына байланысты құттықтауын жеткізуге рұқсат етіңіздер. Біздің еліміз осы мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Оның бір бөлігі Мысыр жерінде өткізіліп жатыр. Жалпы екі халықтың байланысы тереңнен тамыр тартады. Соның бір бастауында Мысыр шежіресіндегі мәмлүктер кезеңі тұрғаны белгілі.