Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде ту төмен түсірілді

Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінде бүгін аза түту күніне орай мемлекеттік ту төмен түсірілді.

Ташкенттегі дипломатиялық өкілдікке таңсәріден көңіл айтып келушілер көп. Соның ішінде Өзбекстан үкіметін басқарып отырған премьер-министр, Сенат төрағасы, Сыртқы істер, Төтенше жағдайлар, Экология және ауыл шаруашылығы министрлері де бар. Абдулла Арипов еліміздің өртті көп ұзамай сөндіретініне сенім білдіріп, бауырлас мемлекетке кез келген көмек түрін ұсынуға әзір екенін айтты. Одан бөлек түрлі облыстың басшылары жеделхат жолдап, орман өрті салдарынан көптеген адамның қаза болуы жөніндегі хабарды күйзеліспен қабылдағанын жеткізді. Жалпы бүгін Ташкенттегі елшілікке Словакия, Біріккен Араб Әмірліктері, Пәкістан, Қырғызстан, Ресей сынды 20-дан аса мемлекеттің дипломатиялық миссия өкілдері жиналып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Әзиз Абдухакимов, Өзбекстанның экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттық өзгерістер министрі:

- Бауырлас мемлекетте болған қайғылы жағдайға алаңдап отырмыз. Қаза болған азаматтардың отбасына көңіл айтып, Қазақстанмен әрдайым бірге екенімізді жеткізгіміз келеді. Қазақ халқы мұндай қиындықты еңсеріп шығатынына сенімдімін. Бүгін елшілікке келіп, көңіл айту кітабына жазба қалдырдық. Осындай жағдайдың қайталанбауын тіледік.