Премьер-министр Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен барды
Келер жылы Ақтөбе қаласы мен іргелес жатқан елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету көлемі артады.
Бұған «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырынан тартылып жатқан үшінші желінің іске қосылуы септігін тигізбек. Жоба өңір экономикасын өркендетуге де қарқын береді.
Бұл туралы бүгін облысқа барған Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жұмыс сапары барысында белгілі болды. Үкімет басшысы аймақтың өзекті мәселесі саналатын жол және экологиялық жағдайға да назар аударды.
Бір ай бұрын ғана «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырынан үшінші желі тарту құрылысы басталған еді. Жұмысына жұмылдырылған 120 адам мен 50-ден астам техника іс қарқынын арттырған. Себебі 165 шақырымдық тізбек тезірек іске қосу өңір үшін аса маңызды.
Фуркат Абдукәрімов, мердігер ұйымының техникалық директоры:
- Бүгінгі күнге 165 шақырымның 50 шақырымының жер жұмыстары аяқталып, оның ішінде 30 шақырымына газ құбыры орнатылып жатыр. Жыл соңына дейін газ құбырын салып бітсек деп отырмыз. Қыста палаткалармен жауып, дәнекерлеу жұмыстары жүре береді.
Жалпы құны 43,4 млрд теңге болатын жоба іске асқанда облыстық одан әрі дамуына септігін тигізеді. Бастысы «Бұхара-Орал» магистралдық газ құбырының қолданыстағы 2 желісіне түсетін жүктемені азайтып, тұрғындар мен өндіріс орындарының көгілдір отынға деген қажеттілігін өтейді. Құрылыс барысын көрген Үкімет басшысы жобаның маңыздылығын атап өтті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жылына қуаттылығы 2,4 млрд текше метр газ қосымша өңірдің экономикасына, Ақтөбеге, соның маңайындағы жобаларға берілетін болады. Сондықтан біз бұл жобаны іске асыруымыз керек. 3 трлн теңгедей қосымша инвестиция құйылады. Ол жаңа жұмыс орындары. Біз бұны уақытында келесі жылдың күзіне дейін аяқтауымыз қажет.
Бұдан кейін Үкімет басшысы еліміздің оңтүстігінен Ресейге қарай өтетін транзиттік дәліздің бір бөлігі «Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын» автожолы учаскесін аралап көрді. Мұнда тәулігіне тек 4 мың жүк көлігі өтеді. Ал жағдайы көңіл көршітпейді. Шұрық-тесігі көбейген жолды қайта жаңартып, 4 жолақты етіп салу көзделіп отыр. Бұл үшін қажетті сметалық құжаттама әзір. Премьер-министр осы көлік дәлізін кеңейтіп, сапасын жақсарту қажеттігін атап өтті. Күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті министрлікке тапсырма берілгенін жеткізді.
Айбол Данағұл, «Қазақавтожол» ҰК АҚ Ақтөбе филиалының директоры:
- Барлық елді мекенде айналма жол болады. Себебі қазіргі таңның өзінде 16 мыңның үстінде көлік қарқындылығы сондай. Алдағы қарқындықты есептеп отырсақ, біздерде 2040 жылдары 40-50 мыңдай көлік өтеді деген жоспарымыз бар.
Үкімет басшысының сапары барысында облыстың экологиялық ахуалы да назардан тыс қалмады. Әсіресе қызмет етіп келе жатқанына 40 жылдан асқан кәріз сорғылау стансасының жағдайын көрді. Мұндағы құрылғылардың 80%-і тозған. Салдарынан қолқаны қабатын иіс қалаға таралып келеді. Енді жаңа бекет салу көзделіп отыр. Жобаны құны 53,5 млрд теңгені құрайды.
Ерлан Блиев, коммуналдық кәсіпорынның басшысы:
- Бұл жерде ол жобаның жаңа ерекшелігі, кәріз суынан шығатын лайды бұрын біз кептіріп жинақтау орнына жұмсайтын болсақ, қазір енді одан біз биогаз алып, енді ауаға кететін барлық зиянды заттардан газ өндіріп, соны электр энергиясын пайдалануға, яғни өзіміздің қажеттіліктерді өтеуге жұмсалатын болады.
Премьер-министр жаңа жобаны іске асыру назарда болатынын жеткізді. Ал негізгі құрылысты жыл соңына дейін бастау жоспарда. Сөйтіп, өңір орталығының басты экологиялық мәселесі шешілмек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
- Жаңа кәріз тазарту жүйесін құру, салу жобасы өте маңызды Ақтөбе облысына. Біз бұл жобаны, жаңа айтылғандай, Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесе отырып, қаржыландыруымыз қажет. Қазіргі таңда техникалық-экономикалық құжаттама дайындалды және министрліктерге тиісті сараптамаға жіберілді. Енді жылдың соңына дейін барлық тиісті құжаттарды дайындап, мердігермен қол қойып, іске асыруды бастауымыз қажет.
Ауаның күкіртсутегімен ластануын жою өңірдегі проблеманың бірі ғана. Бұдан бөлек, қоқыс полигонының өртенуін болдырмау, кәсіпорындардан шығатын қалдық мөлшерін бақылау басты назарда болмақ.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев.