Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қыркүйекте басталады
Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу қыркүйек айында басталады.
Үшінші кезеңнің ерекшелігі – 6 сала бойынша қажетті кадрларға сұраныс ескеріледі. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев үміткерлер 6 кезеңнен тұратын конкурстан өтетінін жеткізді. Объективтілік үшін кандидаттардың деректері жеке номер тағайындау арқылы жасырылады. Бағалаушылар үміткердің нақты кім екенінен бейхабар болады. Іріктеу кезеңдеріне тоқталсақ, кандидаттардың мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Ситуациялық тапсырмалар, кандидаттардың бойындағы құзыреттерді бағалау, сұхбаттасу кезеңдері өтеді. Ұлттық комиссия отырысында үздік 50 кандидат резервке қабылданады.
Дархан Жазықбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Үшінші іріктеудің ерекшелігі мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескеріп, келесі бағыттар обойынша нақтымақсатты іректеу өткізу: Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты; Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау; Сыртқы саясат және инвестициялар; Экономикалық және қаржылық саясат; Цифрландыру; Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам; Бұл ретте үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдардың қатысуымен өтеді.
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуге, жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінде меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Айта кетейік, 2019 және 2021 жылдары резервке алынған 350 адамның 264-і бүгінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында жұмыс істейді. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік, 38-і жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда қызмет атқаруда.
Дархан Жазықбаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Бүгінгі күнге дейін әртүрлі деңгейдегі лауазымдар барлық резервшілерге ұсынылып отырады. Олардың әлеуетін пайдалану мәселесі біз үшін өзектілігін жоғалтпайды. Агенттік бұл бағытта тиісті шараларды іске асыруда. Іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша сайтта жарияланады. Барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.