Қ. Тоқаев шетелден 3 сенімді банк тартуды ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы қаржыландыру саласындағы бәсекені арттыру үшін шетелден 3 сенімді банк тартуды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қазір ел экономикасын қаржыландырумен бірнеше банк айналысады. Ал қаржы ұйымдарының қолында триллиондар бар. «Банктердің «қозғалыссыз жатқан» 2,3 триллион теңгелік активтерін экономикалық айналымға қосу үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл ретте осы активтерді иеленуге ниет танытқан бизнес өкілдерінің оны алып, экономикаға қайтаруына мүмкіндік беретін ашық цифрлы платформа құруды тапсырамын», - деді Президент. Нақты секторға берілетін несие көлемінің жыл сайын 20% және одан да жоғары деңгейде өсуін қамтамасыз ету – маңызды міндет.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе, барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді 3 банкті тартқан жөн.