Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабы Шығыс Қазақстан облысының жұртшылығымен кездесті. Аймаққа барған штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын этномәдени бірлестік өкілдерінен бастады. Ал бизнес саласындағы жергілікті сарапшылар және кәсіпкерлермен кездесу кезінде сайлауалды бағдарлама талқыланды. Үгіт-насихат шаралары жергілікті өндіріс саласында еңбек етіп жүрген жұмысшыларға да жетті. Еңбек ұжымың сауалдарына жауап беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сапар барысында көпбалалы аналар да назардан тыс қалған жоқ. Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақтастары алтын құрсақты аналарға кандидаттың бағдарламасын жан-жақты түсіндіріп берді. Мәулен Әшімбаев, республикалық қоғамдық штаб делегациясының басшысы: - Ішкі саяси тұрақтылық, этносаралық келісім, мызғымас мемлекеттік егемендік және еліміздің аумақтық тұтастығы қуатты Қазақстан құрудың негізі. Сондай-ақ бұл жолда ұлттық мүдде мен азаматтық патриотизмді қорғаудың маңызы зор. Алдағы уақытта бәріміз бірге қуатты Қазақстан құруды жалғастыра береміз деп сенемін.