Қазақстан мен Италия қарым-қатынасы нығаяды

Елге Италия Республикасының Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары әрі Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни ресми сапармен келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Италиялық делегацияны Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу қарсы алды. Алдымен шағын, кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Италия Сыртқы істер министрі Қазақстан үшін визалық тәртіпті жеңілдету мәселесі қарастырылатынын айтты. Антонио Таяни қазақ студенттерінің Италияға көбірек баруын да құптайды. Сондай-ақ Қазақстан Италия бизнес кеңесін құру туралы ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде Мұрат Нұртілеу екі ел арасындағы жан-жақты әріптестікті нығайтуға мән беретінін айтты. Тараптар жақын арада түрлі деңгейде делегациялармен алмасу мүмкіндігін талқылады.

Кездесу соңында Қазақстан мен Италияның Сыртқы істер министрлері келіссөздерді нақтылау және уағдаластықты жүзеге асыру мақсатындағы бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі:

- Италия халықаралық сахнада және Еуроодақтағы біздің аса маңызды серіктесіміз ретінде Қазақстанның көпвекторлық саясатында ерекше орын алады. Жан-жақты серіктестікті бекіте түсуге мүдделі екенімізді тағы да растап, Италия тарапын экономикамыздың басым салаларына инвестиция салуға шақырамыз. Сонымен қатар Антонио Таяни мырзамен екіжақты ықпалдастық тетіктерін, соның ішінде үкіметаралық жұмыс тобының мүмкіндіктерін белсенді пайдалану және Қазақстан-Италия істерлік кеңесін құрудың маңыздылығына бөлек тоқталдық.  

Антонио Таяни, Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі:

- Бүгінгі кездесуіміз өте конструктивті болды. Елдеріміздің арасындағы ең маңызды бағыт ол біздің өте жоғарғы деңгейдегі саяси ынтымақтастығымызды әрі қарай жалғастыру. Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Еуропаның бірнеше мемлекетінің территориясындай аумағы бар. Біз Қазақстанның реформаға деген ұмтылысын қолдаймыз және Қазақстан Үкіметінің халықаралық аренада ұстанатын позициясын жоғары бағалаймыз.

Айта кетейік, былтыр Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-саттық көлемі 15 млрд доллар болса, биылғы 7 айда 9 млрд долларға жетті. Біздің елде 270 италиялық компания жұмыс істеп жатыр. Серіктес елден 2005 жылдан бері 7 млрд доллардан астам инвестиция қаржысы түскен. Бүгінгі келіссөздер барысында екі елдің энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, құрылыс инфрақұрылымы, көлік, байланыс, ауыл шаруашылығы, технология және өзге де салаларда ынтымақтастықты арттыруда әлеуеті зор екені айтылды.