БҰҰ еліміз ядролық қару қолдану зардабына қатысты ұсынған құжатты дауысқа салады
БҰҰ бүгін Қазастан мен Кирибати елінің ұсынған қарарын талқылап, дауысқа салады.
Құжатта ядролық қаруды қолданудың салдары мен одан зардап шеккендерге көмек және қоршаған ортаны қалпына келтіру мәселелері қамтылған. Сондай-ақ жақында Парижде осы жиынға орайлас-тырылып, ядролық сынақтардың залалы жайлы фильмнің тұсаукесері өтті.
Бұл фильм үшін түсіруші топ Тынық мұхитындағы француз аралдарында бірнеше жыл зерттеу жүргізді. Куәгерлер мен ядролық сынақтардан зардап шеккендердің көрген қиындығын жазып, саралады. Сөйтіп, Француз Полинезиясындағы 200-дей сынақтың келешек ұрпаққа әсері қандай болмақ деген сұраққа жауап іздеді. Жалпы Францияда ядролық сынақтан зардап шеккендерді анықтау жұмысы тек 2010 жылы ғана қолға алынған. Қазірге дейін тек 2 мыңнан аса тұрғын зардап шегушілердің тізімінде. Қоғам белсенділері "бұл өте аз" деп отыр.
Инамера Кросс, Француз Полинезиясындағы ядролық сынақтардан зардап шегуші:
- Ядролық сынақтардан жапа шеккен елдердің бірлесіп әрекет ете бастағаны байқалады. Қазақстан мен КирибАти бірлескен қарар дайындады. Біз жеке мемлекет болмасақ та бұған қосылғымыз келеді. Өйткені Қазақстан, Кирибати, Француз Полинезиясы осындай қасіретті бастан кешіп, зардабын әлі тартып келеді.
Бірнеше жыл бұрын француз дәрігері Кристиан Суер 10 жылдық мәліметтерді зерттеп мынадай қорытындыға келді. Оның пайымынша ядролық сынақтар келешекте бір емес бірнеше ұрпақтың денсаулығына кері әсер етеді. Бірақ бұл бағытта терең ғылыми жұмыстар әлі жүргізілмеген.
Жан-Мари Коллен, Франциядағы Ядролық қаруды жою халықаралық қозғалысы бөлімшесінің директоры:
- Қазақстан мен Кирибати дайындаған қарардан Орталық Азия мен Тынық мұхиты аймағында тығыз байланыс барын көруге болады. Құжатта жапа шеккендерге қолдау білдірумен қатар қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығына көп көңіл бөлінген. Қарар ядролық қаруға қатысты көпжақты келісім-шарттарға сүйеніп әзірленген. Бұған дейін мұндай құжаттарда тек жойқын қару сынақтарының салдары жайлы ғана айтылып келген еді. Енді зардап шеккендер туралы мәселе көтеріліп отыр.
Жалпы әлемде осы уақытқа дейін 2 мыңға жуық ядролық сынақ жасалған. 30 жыл бұрын оларға мораторий енгізілді. Бірақ зардап шеккендерге қатысты мәселе әлі шешімін таппай келеді. Осы ретте Қазақстан мен КирибАти сынақтан жапа шеккендерге қолдау білдіретін Халықаралық қор құруды ұсынып отыр.
Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова