Қарин: Бұл - Орталық Азиядағы алғашқы саяси тәжіриебе
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин елімізде өткен аудан әкімдерін сайлау науқанына қатысты ойын айтты.
Бұл туралы ол өзінің телеграм каналында жазды.
Қазақстанда тұңғыш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Өздеріңізге мәлім, ауыл әкімдерін сайлау 2 жылдан бері өткізіліп келеді (содан бері 1700-ге жуық әкім сайланды). Аудан әкімдерінің сайлауы қоғамда зор қызығушылық туғызды. 45 әкім лауазымына 125 үміткер таласты. Олардың қатарында түрлі саланың өкілдері – экономистер, заңгерлер, оқытушылар, инженерлер, ауыл шаруашылығы және басқа да сала мамандары болды. 7 саяси партияның бәрі аудан әкімдерінің сайлауында өз үміткерлерін ұсынды. 1 497 сайлау учаскесінде кандидаттар сенім білдірген тұлғалар, байқаушылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, барлығы 8500-ге жуық адам байқау жүргізді. Өткен сайлау - Орталық Азия аймағындағы алғашқы осындай саяси тәжіриебе. Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформалары өңірдегі саяси жаңғырту ісінің жаңа бағдарын айқындауда - деді Мемлекеттік кеңесші.