Қ. Тоқаев пен В. Путин өңіраралық форумға қатысты
Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты.
Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік 42 мыңнан астам кәсіпорынның 19 мыңы – ресейлік компания. Мұны Мемлекет басшысы айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Владимир Путинді Ақордада салтанатты түрде қарсы алды. Тараптар бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұраны шырқалды. Осыдан соң президенттер бейнебайланыс режимінде Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Жиында қазақ басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық және өнеркәсіптік салада өсім бар екенін атап өтті. Былтыр арадағы тауар айналымы 20%-ке артқан. Ал биылғы форумның тақырыбы ауыл шаруашылығына арналып отыр. Осы орайда сарапшы көрші елдің агросаладағы әлеуетіне тоқталып, форумның маңыздылығын айтты.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Осыны әрі қарай да Ресей тарапына емес, негізі біздің тарапқа өте қажет нәрсе. Егер дұрыс өнімді центнерлеп алатын болсақ, дұрыс технологияны қолдануымыз керек қой. Ал батыстық технология әрине қымбаттау келеді, еуростандарт болып келеді. Ал Ресейдің, Беларусьтің технологиялары біздің табиғатқа да сай, жергілікті аграрлық ерекшелікке де сай, өнімдерді шығаруға да сай. Сондықтан ол өнімдерді біз пайдалануымыз керек және осы форумның мүмкіндігі де осыған саяды. Бізде мынадай бар, сізде мынадай бар, ал енді осыны жеңіл дұрыс жолмен жасақтасақ, екі жаққа да пайдалы болады деген әңгіме, диалог қалыптасуы керек.